Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Перизат Қайратқа қатысты іс қаралып жатыр. Негізгі жәбірленушілердің бірі, кәсіпкер және MMG Development компаниясының басшысы Мөлдір Сүйіншәлі сот отырысында өз нұсқасын айтты.
Куәгердің айтуынша, 2021 жылы Перизат Қайрат Instagram арқылы байланысқа шығып, оны Астанадағы Sheraton қонақүйінде өтетін қайырымдылық шарасына шақырған. Шараға саясат пен бизнестің белгілі өкілдері қатысқан. Жарияланған мақсат — ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталығын салу.
“Мені кәсіпкер ретінде арнайы шақырды. Перизатпен жазысқан хаттарымызда жиналған қаражат нақты қайда жұмсалатыны — балалар орталығы үшін екені көрсетілген”, – деді Мөлдір Сүйіншәлі.
Аукцион барысында кәсіпкер Геннадий Головкинге тиесілі бокс қолғабын 10 миллион теңгеге сатып алғанын айтты. Бұл қаражат “BizBirgemiz Kazakhstan” қорының шотына ресми түрде аударылған.
“Біз бұл шараны шын ниетпен, мемлекеттік деңгейдегі бастама деп қабылдадық. Ақша ашық түрде аударылды. Бірақ уақыт өте келе сұрақтар туындай бастады: орталық салынды ма, ақша діттеген жерге жетті ме?”
Куәгер кейін 10 миллион теңгені қайтару туралы азаматтық талап арыз бергенін айтты. Оның сөзінше, егер қаражат расымен орталық салуға жұмсалған болса, еш шағым болмас еді. Алайда жобаның тағдыры белгісіз күйінде қалған.
Бұдан бөлек, кәсіпкер Перизат Қайратқа жеке қажеттіліктері үшін 14 миллион теңге қарызға бергенін, бірақ ол сома бір жыл бойы қайтарылмағанын мәлімдеді. Сот шешімімен бұл қарыз кейін қайтарылған.
Қорғаушы тарап жәбірленушінің жеке өшпенділікпен әрекет етуі мүмкін бе деген сұрақ қойды. Бірақ куәгер:
“Жеке ренішім жоқ. Мен кәсіпкер ретінде көмектескім келді. Енді тек өз ақшамды әділ жолмен қайтарғым келеді”, – деп жауап берді.