Оралдық құтқарушы атақты актер Жан-Клод Ван Даммның "шпагатын" қайталап, әлеуметтік желі қолданушыларын таңғалдырды. Видео қаладағы Төтенше жағдайлар басқармасының парақшасында жарияланды.
Желіде тараған видеода өрт сөндіру қызметкері екі арнайы техниканың арасында шпагат жасап тұр. Бұл трюк 2013 жылы әлемге танылған Ван Даммның Volvo жүк көліктеріне арналған жарнамасындағы трюкті еске түсіреді.
“Назар аударыңыз! Бейнеролик кәсіби мамандармен арнайы жағдайда түсірілді. Үй жағдайында қайталауға болмайды”, – делінген жазбада.
Оқиға кейіпкерінің есімі әзірге жарияланбады.
Жан-Клод Ван Дамм бұл әйгілі шпагатты 2013 жылы Volvo жүк көліктерінің жарнамасында орындаған. Видео жаһандық деңгейде танылып, миллиондаған көрерменнің таңдайын қақтырған.
Бұл трюкті түсіруге 5 ай бойы дайындық жүргізілгені белгілі. Ал қазақстандық құтқарушылардың дайындық мерзімі әзірге хабарланбаған.