Танымал қазақстандық әнші Балжан Бидаш тұрмыста болған кезеңдерін еске алып, жеке өміріндегі толғаныстарын айтты.
Әнші журналист Айкерім Есенәлінің авторлық подкастында қонақ болып, өмірлік көзқарасы мен жан сырын ақтарды.
“Мен бала кезімнен еркін өстім. Ата-анам мен екі ағамның ортасында ерке қыз болдым. Өмірге қадам басқанда серігім менің өмірімді толықтай бақылауға құқығы жоқ екенін ұғындым. Ата-анамның үмітін ақтауым керек болғанымен, өзіме ұнайтын өмірді сүргім келді. Терезеден сырттағы әйелдерге қарап, “Қандай бақытты, еркін кетіп бара жатыр” деп қызығатынмын. Сол шақтарды есіме алып, қазіргі өміріме шүкіршілік етемін. Шынымен де мен еркіндікті қаладым”, – деді Балжан Бидаш.
Әнші подкаст барысында отбасылық өмірге қатысты көзқарасымен де бөлісті.
“Қазір заң жүзінде “Қашан тұрмысқа шығасың?” деп сұрауға болмайды. Өзім осы уақытқа дейін шын ғашық болып көрмедім. Сезімім терең болмады. Қазір болашақ жарымның ішкі жан-дүниесіне көп мән беремін. Психологиялық жарақаты жоқ, саналы, көзі ашық, өнерді бағалайтын ер азамат болса жеткілікті. Ата-енемен тұру мәселесін де уақыт көрсетеді. Маған бірінші жанкүйерім болуы маңызды. Жас шектеуі деген жоқ”, – деп ойын ашық жеткізді әнші.