Маңғыстау облысындағы үйлену тойы оқыс оқиғамен аяқталды. Мұнайлы ауданындағы салтанатты шарадан кейін қонақтар арасында келіспеушілік туындап, жағдай бақылаудан шығып кеткен.
Алдын ала мәлімет бойынша той қонақтарының арасында туындаған ауызша кикілжің бірте-бірте ушығып, төбелеске ұласқан. Әлеуметтік желіде тараған видеоларда бірнеше жігіттің көшенің қақ ортасында бір-біріне жұдырық ала жүгіргені анық көрінеді. Ақ жейде киген жігіттердің әрекеті қоғамның назарын аудартты.
Полиция мәліметінше, тәртіп бұзуға қатысқандардың барлығы анықталды. Төбелеске 2004-2005 жылдары дүниеге келген жастардың қатысы бары расталды. Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы ("Бұзақылық") бойынша тіркеліп, қылмыстық іс қозғалды.