Бокстан әлемнің жартылай ауыр салмақтағы біріктірілген чемпионы Дмитрий Биволдың бұрынғы әйелі Екатерина Бивол өзіне және балаларына жаңа тегін алатынын мәлімдеді.
Екатерина Бивол Instagram парақшасында өзінің бұрынғы жұбайымен болған шиеленіскен жағдайды баяндады. Оның айтуынша, Дмитрий Бивол бірнеше жыл бойы одан тегін өзгертуді талап еткен.
“2,5 жыл бойы күнде тегі үшін кінәлады. Дима жүздеген рет хабарласып: “Фамилияны қайтар”, – деді. Бұл ақымақтық қой, иә? Мен әрдайым бұл балаларымның тегі, ал мен Бивол әулетінің жалғастырушысы екенімді айттым. Өйткені Диманың әпкелері бар, ал екі ұлды дүниеге әкелген жалғыз менмін,” – деп жазды Екатерина.
Оның сөзінше, қыз кезіндегі тегі өз әкесіне емес, әкесінің өгей әкесіне тиесілі болған.
Осы себепті Екатерина түбегейлі шешім қабылдады. Енді ол және балалары атасының тегі – Жәлелов есімін иеленеді.
“Біз атамыздың – ұйғыр Жәлеловтың тегін аламыз. Жақында құжаттарда жаңа есімдеріміз жазылады,” – деді ол.
Бұған дейін Екатерина өзінің әкесінің туған жері Алматы екенін айтып, Қазақстандағы түп-тамырын жария еткен. Ол тіпті болашақта Қазақстанға көшу мүмкіндігін жоққа шығармаған. Алайда қазіргі таңда өз үйі ретінде Санкт-Петербургті санайтынын атап өтті.
2024 жылдың желтоқсанында ол Дмитрийдің прокуратураға арыз жазғанын, кейін сот процесі басталғанын хабарлады.
Қазір Дмитрий Бивол ауруханада. Ол дәрігерлердің кеңесімен он жылдан астам уақыт мазалаған бел жарақатына операция жасатқан.
Енді чемпионды ұзақ мерзімді оңалту кезеңі күтіп тұр. Жыл соңына дейін ол жаттығулардан және ресми жекпе-жектерден бас тартуға мәжбүр.