Қазақ эстрадасының танымал әншісі Әли Оқапов «Kezdesu» бағдарламасына берген сұхбатында өзінің ең үлкен қорқынышы туралы ашық айтты. Өнер иесі бірнеше жылдардан бері сирек кездесетін дисфония дертімен күресіп жүргенін мәлімдеді.
Әлидің айтуынша, ең үлкен қорқынышы – дауысынан айырылып қалу. Бұл — әнші үшін тек кәсіби емес, өмірлік маңызды мәселе.
«Ондай оқиға болды. Дисфония деген ауру. Осыдан алты жыл бұрын басталды. Әлі де бар. Онымен жұмыс істеп жатырмын. Соңғы бірнеше жылда 5-10 пайызға ғана жақсарды. Бірақ осы уақыт ішінде қайтадан ән айтуды үйреніп алдым. Бұл өте сирек кездесетін ауру. Қайдан шыққаны да белгісіз», – дейді Әли.
Дәрігерлердің пікірінше, мұндай сырқат көбіне психологиялық күйзелістен пайда болуы мүмкін. Әншінің сөзінше, оның өмірінде жеке өмір, отбасы және жұмыс бір-бірінен бөлінбейді, барлығы өнермен байланысты.
«Кейбір адамдарда жұмыс бөлек, отбасы бөлек, жеке өмір бөлек. Ал менде бәрі бір: отбасым, махаббатым, жұмысым, достарым – барлығы өнер. Сондықтан жеке өмірімде болған қиындық бірден жұмысым мен отбасымның да берекесіне әсер етті», – деп ағынан жарылды әнші.
Әли бұл сынаққа қарамастан сахнадан қол үзбегенін, алдағы уақытта да тыңдармандарын жаңа әндермен қуантуға ниетті екенін жеткізді.