Қазақстандық танымал блогер және актриса Айжан Байзақова өзінің үшінші мәрте жүкті екенін хабарлады. Бұл туралы ол Instagram-парақшасында жариялап, қиындықтарға толы жүктілігі жайлы айтты.
Желі қолданушылары соңғы апталарда Байзақованың аяғы ауыр екеі туралы болжаған. Олардың күдігі расталды. Айжанның өзі де бұл хабарды күтпегенін мойындады. Себебі екінші баласын дүниеге әкелгеніне көп уақыт болмаған.
Блогер жүктіліктің алғашқы айлары оңай болмағанын ашық жеткізді:
«Жабайы токсикоздан өттім, сонымен бітті деп ойладым. Бірақ кейін қан кету мен қауіп пайда болды. Екі апта бойы ауруханада сақтауда жаттым», – дейді ол.
Қазір Байзақова жүктіліктің бесінші айында.
Айжан жүрегін Аллаға тапсырып, сабырлы болуға тырысатынын жазды:
«Егер бәрі жазылған болса, бәрі жақсы болады. Нервтенудің қажеті жоқ. Жай ғана сеніп, уайымдауды тоқтату керек».
Сондай-ақ ол қиын жүктілікті бастан кешіріп жүрген барлық әйелдерге жылы лебізін білдірді.
Айжан Байзақова осы сенбіде отбасымен бірге гендер-пати өткізетінін хабарлап, оқырмандарына сауал тастады:
«Қалай ойлайсыздар, бұл жолы ұл ма, әлде қыз ба?» – деп жазды ол.