Өнер иесінің әрекеті қоғамда үлкен наразылық тудырған болатын. Осыған байланысты полиция өкілдері шара қабылдап, әншіні жауапқа тартты.
Әлеуметтік желіде танымал әнші Ернар Айдардың Тараз қаласында даңғыл жолдың дәл ортасында көлігімен тұрған видеосы тарады. Бейнежазба желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсіп, қоғам наразылығын туғызды. Осыдан кейін полиция аталған жағдайға қатысты ресми түсініктеме берді.
Жарияланған бейнежазбада Ернар Айдар жолдың дәл ортасында тоқтап, жаңа сатып алған көлігін көрсетіп тұрғаны байқалады. Жамбыл облысы Полиция департаментінің мәліметінше, бұл әрекет жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу болып саналады.
Заң бұзушылық бейнеленген видео ашық дереккөздерде кеңінен тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырған.
Полиция мәліметінше, А. есімді азамат Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің бірден үш бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
"Көлік құралын тоқтату немесе тұраққа қою қағидаларын бұзғаны, жол белгілерімен немесе жолдың жүру бөлігіндегі таңбалармен көрсетілген талаптарды сақтамағаны, сондай-ақ жолды белгіленбеген жерден өткені үшін құқық бұзушыға айыппұл салынды", — деп хабарлады Полиция департаменті.
Осылайша, әнші Ернар Айдар жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұл төлеуге міндеттелді.