Алматының көрікті жерлерінің біріне автокөлікпен кіру және тұрақ құны 25 мың теңгеге жеткен.
Алматыдағы "Көктөбе саябағына автокөлікпен кіру құны 25 мың теңгеге дейін өскені әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырды.
Мәселені алғаш болып блогер Әсет Мырзабаев көтерді. Ол жариялаған бейнежазбада автокөлікпен Көктөбеге кіру және тұрақ құны 25 мың теңге екенін айтып, бұл бағаның тым жоғары екенін жеткізді.
Блогердің сөзінше, төрт адамнан тұратын отбасы үшін автобуспен жоғары көтерілу құны шамамен 16 мың теңге болған.
"Көктөбе" саябағының әкімшісі "Фархат Уәлиев автокөлікке қойылған баға бірнеше фактормен байланысты екенін айтты. Негізгісі - автокөліктер ағынын реттеу.
"Баға – машиналар ағынын реттеудің жалғыз әдісі. Саябақ іс жүзінде жылына төрт ай ғана жұмыс істейді. Осы кезеңде тапқан қаражат қызметкерлердің жалақысына және аумақты күтіп ұстауға жұмсалады. Электр энергиясының жыл сайын қымбаттап жатқаны да әсер етеді, – деді саябақ өкілі.
Сондай-ақ әкімшілік Көктөбенің экологиялық жүктемесі де ескерілетінін атап өтті. Яғни автокөлік санын шектеу арқылы табиғи ортаға түсетін қысымды азайту көзделген.
Айта кету керек, билет бағасына қатысты кейбір мәліметтер нақтылауды қажет етеді.
Ал бюджет үнемдеуді қалайтын тұрғындарға Омарова көшесі жағынан автобуспен көтерілу ұсынылады.