Жарнама
Жарнама

Күзде жаттығу қауіпті ме? Мамандар маңызды кеңес берді

Салқын ауа райында спортпен айналысудан бас тартудың қажеті жоқ.

Күзде жаттығу қауіпті ме? Мамандар маңызды кеңес берді
Prisma health

Киімді дұрыс таңдау маңызды

Салқын мезгілде ең тиімді тәсілдердің бірі - бірнеше қабат киім кию. Бірінші қабат ретінде терді сыртқа шығаратын синтетикалық киім таңдаған дұрыс. Мақта матадан бас тартқан жөн, өйткені ол ылғалды бойында ұстап, дененің тез салқындауына әкелуі мүмкін.

Екінші қабат жылуды сақтайтын флистан, ал сыртқы қабат жел мен жаңбырдан қорғайтын мембраналық күртеден тұрғаны тиімді.

Бас, мойын және қолды да қорғау қажет. Жеңіл бас киім, шарф және қолғап күзгі жаттығу кезінде артық етпейді. Аяқ киімге де назар аударған жөн. 

Дене қыздыруды ұмытпаңыз

Суық ауа райында бұлшықеттердің серпімділігі төмендеп, жарақат алу қаупі артады. Сондықтан жылыту жаттығуларына әдеттегіден көбірек уақыт бөлген жөн.

Мамандар жаттығуға дейінгі қыздыруды далада емес, үйде бастауды ұсынады. Күзде қыздыру уақытын шамамен 20 минутқа жеткізуге болады.

Ал жаттығу арасындағы үзілісте бір орында ұзақ тұрып қалмай, жеңіл қозғалып тұрған дұрыс. Егер дене тоңа бастаса немесе қалтырау байқалса, жаттығуды тоқтатып, жылы жерге барған жөн.

Жаңбырдан сақ болыңыз

Егер жаттығу кезінде жаңбыр жауа бастаса, жапырақ аз жерге немесе арнайы спорт алаңдарына ауысқан дұрыс. Қатты жел соққанда немесе ауа температурасы нөлден төмендеген кезде жаттығуды үйде немесе спорт залында өткізген қауіпсіз.

Сондай-ақ, салқын ауада мүмкіндігінше мұрын арқылы тыныстаған дұрыс. Бұл тыныс жолдарына түсетін ауаны жылытуға көмектеседі.

Суықта аз шөлдеуіңіз мүмкін, бірақ бұл ағзаға сұйықтық қажет емес дегенді білдірмейді. Жаттығу кезінде жылы суды термоспен алып, аз-аздан ішіп тұрған жөн.

Жазда жаттықпағандар неден бастай алады?

Егер жаз бойы спортпен айналыспаған болсаңыз, күзде бірден жүгіруге кіріспеген дұрыс. Алдымен 20-30 минут жылдам жүріп, ағзаны физикалық жүктемеге және салқын ауа райына біртіндеп бейімдеу ұсынылады.

Уақыт өте келе жүру қарқыны мен жаттығу ұзақтығын арттырып, содан кейін ғана жеңіл жүгіруге көшуге болады. Мамандардың пікірінше, салқын ауа райының өзі спортпен айналысуға кедергі емес.

Ең бастысы - жылы киініп, жаттығу алдында денені жеткілікті қыздыру және өз жағдайыңызды бақылау. Сондай-ақ суыққа бірден үйренуге тырыспай, ағзаны біртіндеп бейімдеу қажет. 

Жарнама
Жарнама