Жастарды қолдаймыз деген ұстанымнан бас тартқан клуб қарт ойыншыларға сенім артып, жанкүйерлердің сынына ұшырап жатыр.
Түркістандық "Тұранның" маусымаралық трансферлік науқаны футбол жанкүйерлерінің наразылығын тудырып жатыр. Бұл туралы vera.kz хабарлады. Бұрын жастарды дамытуға бағытталған жоба ретінде танылған клубтың бүгінгі таңда ардагер легионерлер мен белгілі агенттерге тәуелді "жұмыспен қамту орталығына" айналғаны байқалады.
Клуб сапына "Ордабасыдан" ауысқан Исламхан, Умаров және Әбдумәжитов сынды футболшылардың пайда болуы – сол баяғы агенттік байланыстардың жалғасып жатқанын аңғартады. Бұл ойыншылардың орта жасы 30-дан асқан. Жанкүйерлер мен сарапшылар бұл трансферлердің артында бюджеттік қаржыны бейресми "игеру" схемалары тұруы мүмкін деп қауіптенуде.
"Тұран" құрамын толықтырған Хаткевич (36 жас), Юденков (37), Стасевич (39) секілді футболшылар кәсіби мансабының шегіне жеткендер қатарында. Бұл трансферлердің стратегиялық негізі жоқ сияқты – команданың орташа жасы тіпті кейбір ардагер құрамынан да жоғары.
Клубқа шақырылған өзбекстандық футболшылар да таңданыс тудыруда. Мухторов (31 жас) пен Аскаров – ұзақ жылдар бойы белгілі агенттермен байланыста болған "тексерілген" кадрлар. Бұл трансферлер де команданы дамыту емес, байланыс пен сенімді ойыншыларды орналастыру мақсатын көздей ме деген сұрақ туады.
Клубтың қазіргі құрамы жергілікті ойыншыларға мүмкіндік беруден алшақ. Тек Закиров негізгі құрамға іліксе, басқа қазақстандықтар қосалқы құрамда немесе мүлде сыртта. Бұл жағдай "Тұран" клубының қандай стратегияны ұстанып отырғанын айқындап береді – ел футболына емес, жеке мүддеге жұмыс жасай ма?
Осылайша "Тұран" клубы футболсүйер қауым мен сарапшылар тарапынан сынға ілігіп отыр. Егер клубтың қазіргі басқару әдісі мен трансферлік саясаты қайта қаралмаса, команданың "Ордабасы" жолын қайталауы әбден мүмкін. Ардагерлер мен күмәнді легионерлерге толы құраммен ел футболының болашағына үлес қосуы неғайбыл.