Ресей Премьер-Лигасының 24-туры аясында "Зенит" өз алаңында "Краснодарды" 4:1 есебімен ойсырата жеңіп, ақпарат құралдарында клуб ойыншыларына төленетін рекордтық сыйақы туралы ақпарат тарады. Бірақ клуб басшысы бұл деректерді жоққа шығарды.
Петерборлық клубтың президенті ресми мәлімдеме жасап, сыйақы көлемі туралы бұқаралық ақпарат құралдарындағы ақпарат шындыққа жанаспайды деді:
“Ең алдымен жанкүйерлерді жарқын әрі сенімді жеңіспен құттықтаймын. Төрт ойыншымыз турдың символикалық құрамына енді — бұл кездейсоқ емес. Алайда кейбір БАҚ “Зениттің” ойыны емес, жалған сандар мен негізсіз шу тудырумен айналысуда. Бізде нақты сыйақы жүйесі бар, бірақ таратылған сомалар — шындықтан алыс. Айтылған 250 мың еуро — Жер мен Ай аралығындай қашықта”, — деп мәлімдеді клуб төрағасы.
Бұған дейін бірқатар ресейлік және қазақстандық БАҚ-та жарық көрген ақпаратқа сәйкес, “Зениттің” әрбір ойыншысы жеңіс үшін 110 мың еуро (65 млн теңге), ал ірі есеппен жеңген жағдайда — 250 мың еуро (147 млн теңге) алуы тиіс болған. Бұл мәлімет Нұралы Әліпке де қатысты айтылған, өйткені ол бұл матчта құрамда болмаса да, сыйақы алушылар қатарында делінген.
Айта кетейік, Нұралы Әліп — Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы және “Зениттің” қорғаушысы — 24-турда матчтық өтінімге енбей, алаңға шықпаған. Соған қарамастан, бұған дейін ол сыйақы алған ойыншылар қатарында делініп, әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен болатын.