40 жастағы Вагнер Лав ҚПЛ-ге орала ма? Агенті жауап берді

Редактор Penalty.kz
18.04.2025, 09:30

Бразилиялық шабуылшы Вагнер Лав Қазақстан чемпионатына қайта оралуы мүмкін. Бұл туралы оның агенті Эвандро Феррейра мәлімдеді.

sport.kg

Спорт жанкүйерлері жақсы білетін Вагнер Лав 2020–2021 жылдары "Қайрат" сапында өнер көрсеткен. Осы уақыт ішінде ол 57 матчқа қатысып, 27 гол соғып, 20 нәтижелі пас берген. Бүгінде шабуылшы 40 жаста. Соған қарамастан кәсіби мансабын жалғастырып жатыр.

Вагнер Лавтың агенті Эвандро Феррейра Legalbet.kz сайтына берген сұхбатында футболшының болашағына қатысты пікір білдірді:

"Вагнердің келісімшарты мамырда аяқталады. Қазірше болашағы белгісіз, бірақ бізде бірнеше нұсқа бар, оларды қарастырып жатырмыз. Қазақстан немесе Ресей клубтарынан нақты ұсыныстар түссе, Вагнердің қызығушылығын анықтай аламыз", – деді агент.

Футболшының мансабы бай әрі әсерлі. Ол кезінде:

  • Ресейдің ЦСКА Мәскеу,
  • Францияның "Монако",
  • Түркияның" Бешікташ" пен "Аланьяспор",
  • Данияның" Мидтьюлланд",
  • Қытайдың "Шаньдун Тайшань",
  • Бразилияның "Палмейрас", "Фламенго", "Коринтианс", "Атлетико", "Ресифе" секілді танымал клубтарында өнер көрсетті.

2024 жылдың шілдесінен бастап ол Бразилияның "Аваи" командасында ойнап жүр. Онда 40 матчқа қатысып, 5 гол соқты және 3 нәтижелі пас берді.