"Тұран" қақпашысы жалақы қарызы үшін 5 миллион теңге талап етті

Редактор Penalty.kz
26.04.2025, 18:49

Беларусьтік қақпашы Владислав Василючек Түркістанның "Тұран" клубынан 5,1 миллион теңге көлемінде жалақы бойынша қарызын қайтаруды талап етіп отыр.

tribuna.com

2024 жылдың сәуірінен бастап "Тұран" сапында өнер көрсеткен Владислав Василючек клубқа ресми талап жолдады. Sports24.kz мәліметінше, футболшы мамыр, маусым және қарашаның жартысы үшін еңбекақысын ала алмағанын айтып отыр. Сонымен қатар пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін де өтемақы талап етілуде.

21 ақпан 2024 жылы жасалған келісімшартқа сәйкес, Владислав Василючек ай сайын 1,5 миллион теңге көлемінде жалақы алуы тиіс болған. Сондай-ақ, келісімшартта ақылы демалыс қарастырылған. Қарыздың жалпы сомасы өсімпұлдармен бірге 5 104 839 теңгеге жеткен. 

Футболшы "Тұранға" қарызды өтеу үшін 10 күн мерзім берді. Егер клуб төлем жасаудан бас тартса, Василючек ФИФА немесе басқа да құзырлы органдарға шағымданатынын ескертті.

2025 жылдың қаңтарында Владислав Василючек "Тұраннан" кетіп, SD Family медиакомандасының сапына қосылды. Ол "Тұран" үшін 12 матч өткізіп, үш кездесуде қақпасына гол жібермеген.