"ПСЖ" қайтадан "Арсеналды" жеңіп, Чемпиондар лигасының финалына жолдама алды.
Париждік клуб УЕФА Чемпиондар лигасының жартылай финалында ағылшындық "Арсеналды" екінші рет тізе бүктіріп, финалға шықты. Кездесу Франция астанасындағы әйгілі "Парк де Пренс" стадионында өтті. Бұл арена 47 929 жанкүйерді қабылдай алады.
"Арсенал" ойынды жоғары прессингпен бастады. Бірақ "ПСЖ" қарсы шабуыл арқылы қауіпті сәттер ұйымдастырып, Хвича Кварацхелия алғашқы мүмкіндігінде бағананы көздеді. Ал бірнеше минуттан кейін Фабиан Руис қақпа бұрышына дәл соққы жасап, есеп ашты.
Екінші таймда Ашраф Хакими қарсылас ойыншысының қолына тиген доп арқылы пенальти алып берді. Бірақ Витиньяның соққысын Давид Райя қайтарып, "Арсеналды үміттендірді. Дегенмен араға көп уақыт салмай Хакими өз есебін ойындағы голмен толықтырды.
Букайо Сака есепті қысқартып, ағылшындарға соңғы минуттарда мүмкіндік сыйлағанымен, матч нәтижесіне әсер ете алмады.
Парижде тіркелген 2:1 есебі және Лондонда тіркелген 1:0 жеңісі арқасында "ПСЖ" жалпы есеппен 3:1 нәтижесімен Чемпиондар лигасының финалына шықты.
Франциялық ұжым 31 мамыр күні Германияда өтетін шешуші ойында миландық "Интермен" кездеседі. Матч "Арена Мюнхен" стадионында өтеді.