Нұралы Әліп төрт маусымда алғаш рет титулсыз қалды

Редактор Penalty.kz
24.05.2025, 22:21

2024/25 жылғы Ресей Премьер-лигасында "Зениттің" алтын дәуірі тоқтады. Соңғы алты жыл қатарынан чемпион атанған петерборлықтар биыл алғаш рет титулсыз қалды. Қазақстан құрамасының қорғаушысы Нұралы Әліп бұл жолы күміс медальмен шектелді.

instagram/@zenit_spb

Ресейдегі гегемония аяқталды

РПЛ-дің жаңа чемпионы – 2008 жылы құрылған "Краснодар". Бұл клубты ресейлік миллиардер Сергей Галицкий жеке қаржыландырады. Соңғы турға дейін титул тағдыры белгісіз еді. "Зениттің" алтын алу үшін өзі "Ахматты" жеңіп (3:0), "Краснодардың" "Динамодан" ұтылуын күтуі қажет болған. Бірақ "Краснодар" да 3:0 есебімен жеңіске жетіп, чемпиондықты уыстан шығармады.

Қазақстандықтардың ішкі дуэлі болмады

Соңғы турда қазақстандық футболшылардың мүмкін болатын текетіресі жүзеге аспады. "Ахмат" сапында ойнайтын Максим Самородов алғашқы таймда алаңға шықса, Нұралы Әліп бүкіл ойын бойы қосалқы құрамда қалды.

Маусым статистикасы

  • Нұралы Әліп: 19 матч, 1 гол, 1 пас, 1 сары қағаз
  • Максим Самородов: 24 матч, 6 гол, 4 пас

"Ахмат" плей-оффта

Грозныйлық "Ахмат" маусымды 14-орында аяқтап, бірінші лиганың үздік төрттігіндегі "Уралмен" өтпелі матчқа қатысады. Айта кетейік, команданы маусым басында Қазақстан құрамасының бұрынғы бапкері Магомед Адиев жаттықтырған еді.