Қазақстан құрамасының бұрынғы қақпашысы Алмат Бекбаев елдегі кейбір футбол стадиондары туралы пікірін білдірді.
Бекбаев Орал және Атырау қалаларындағы стадиондарды ең нашар жағдайдағы нысандар ретінде атап өтті. Бекбаев бұл туралы YouTube-тағы "Спорт Пульс" арнасына берген сұхбатында айтты.
"Қазақстанда сын көтермейтін стадиондар — Орал мен Атырауда. Екеуі де бірдей деңгейде нашар. "Ақжайықтың" қазір жоғарғы лигада жоқ болғаны — жақсы жаңалық. Бұл стадиондарда жағдай өте мүшкіл. Шөбі түгел күйіп кеткен. Газон ауыстырылды дегенімен оның сапасы өте төмен. Ол алаңда мыңдаған адам ойнайды: балалар-жасөспірімдер, қосалқы құрам, кәсіпқой ойыншылар, тіпті кәсіпкерлер де. Онда шаңнан көз ашу мүмкін емес", — деді Бекбаев.
Алмат Бекбаев кәсіби мансабын "Достық" және "Ордабасы" клубтарында бастаған. Кейін "Тобыл"," "Ақтөбе" және өзбекстандық "Андижан" сапында өнер көрсетті. Ұлттық құрамада бір матч өткізіп, Қырғызстанға қарсы кездесуде Қазақстанның қақпасын қорғаған.