Қазақ вундеркинді Ресейде үздік ойыншы атанды

Редактор Penalty.kz
02.06.2025, 21:31

Дәулет Орынбасар Санкт-Петербургтегі халықаралық турнирде ерекше көзге түсті. "Қайрат" ФК 16 жастағы ойыншысы үздік сұрмерген және турнирдің ең үздік ойыншысы атағын иеленді. 

фото ашық дереккөздерден алынды

Үш матч – жеті нәтижелі әрекет: Дәулет Орынбасар статистикасы

Дәулет үш ойында бес гол соғып, екі нәтижелі пас берді. "Қайрат" бұл ойындарда "Зенитпен" және Беларусь футбол федерациясы академиясымен (АБФФ) 2:2 есебімен тең түссе, Иранның "Сепахан" клубын 5:1 есебімен тас-талқан жеңді.

Жалпы нәтижеге сүйенсек, "Қайрат" турнирде екінші орынды еншіледі. Ал "Зенит" жеңімпаз бас кубокты иеленді. Олар қазақстандықтармен тең түскенімен АБФФ (3:2) және "Сепахан" (3:0) командаларын жеңді.

QJ League рекордшысы және Қазақстан U-17 құрамасының көшбасшысы

Дәулет Орынбасар – Қазақстанның 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасының ойыншысы. Ол QJ League (Қазақстанның Жоғарғы жастар лигасы) тарихында ең нәтижелі футболшы ретінде тіркелген. Бар-жоғы 17 матчта 28 гол және 14 ассист жасап, теңдессіз көрсеткішке қол жеткізді.