Зидан "Әл-Хилал" клубының бір маусымға арналған 100 миллион еуролық ұсынысын қабылдамады. Бұл туралы L’Equipe басылымы хабарлады.
Сауд Арабиясының Про-лигасы әлемдік деңгейдегі бапкерлерді тарту үшін қомақты қаржы жұмсап жатқанымен Зидан бұл жолы ақшадан бас тартуды жөн көрді.
52 жастағы француз маманы бапкерлік мансабында тек Мадридтің "Реалында" жұмыс істеген. Ол "корольдік клубтың" негізгі командасын екі кезеңде басқарды және Чемпиондар лигасын қатарынан үш рет жеңіп, тарихқа есімін жазды.
2021 жылы қызметінен кеткеннен бері Зидан ешбір клубпен келісімшартқа отырмады. Сарапшылар оның Франция құрамасын немесе топ-клубты күтуде екенін айтады.
Зиданның бас тартуынан кейін "Әл-Хилалдің" басты нысаны "Интерді" жаттықтырып жүрген италиялық Симоне Индзаги саналады. Ол соңғы жылдары өз кәсібилігін дәлелдеп, Еуропа аренасында көзге түскен бапкер.
Саудиялық клуб 2024/25 маусымын Про-лигада екінші орынмен аяқтады. Мамыр айының басында португалиялық маман Жоржи Жезуш қызметінен босатылды. Қазір клуб жаңа бапкерді белсенді түрде іздестіріп жатыр.