"Айлық жоқ, ар жоқ": Қазақстандық футбол төрешілері жалақысыз қалды ма?

Редактор Penalty.kz
04.06.2025, 11:20

Қазақстандағы футбол төрешілерінің бірнеше айдан бері еңбекақысын ала алмай жүргені туралы ақпарат тарады.

qfl.kz

Маусым жақсы басталған еді...

“Гол емес!” Telegram-арнасы бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп, мәселені ашық көтерді. Футбол маусымының басында төрешілерге қолайлы жағдайлар жасалғаны айтылған:

  • гонорар көтерілген,
  • қонақүй шығыны өтелген,
  • тәуліктік төлемдер қарастырылған.

Осының бәрі төрешілердің адал жұмыс істеуіне жол ашуы тиіс болатын. Алайда қуаныш ұзаққа созылмады.

“Сәуір айының еңбекақысын төрешілер әлі күнге алған жоқ. Қазақстанның футбол федерациясы банкті ауыстырып жатқанын – яғни жалақы жобасы Jusan Bank-ке өтетінін алға тартып отыр. Сондықтан күтуге тура келеді”, – деп жазады арна.

Болжам бойынша, соңғы 8 айда төрешілер тек 1 рет жалақы алған. Бұл – кәсіби мамандар үшін ауыр соққы.

Ақша жоқта адалдықтың құны қандай?

Telegram-арна авторы бұл жағдайды футбол клубтарының өз пайдасына пайдалануы мүмкін екенін де жасырмайды.

“Көптеген төрешілердің қосымша табысы жоқ. Бұл – клубтар үшін ашық мүмкіндік. Комментатор Олжас Байбосын жақында “төрешілер ақша алады” деп ашық мәлімдеді. Егер бұл ақпарат футбол әлемінен алысырақ журналистке белгілі болса, арнаның авторы қандай деректерге қол жеткізіп отыр?”, – дейді жазбада.

Мысалы бір матчта төрешілер бригадасына 6 млн теңге жиналып берілгені жайлы дерек те айтылған. Ол ойында нәтиже тең аяқталғанымен төрешілердің біржақты шешім қабылдауға барын салғаны байқалыпты.