"Челси" клубтық әлем чемпионатының алғашқы финалисі атанды. Лондондықтар жартылай финалда Бразилияның "Флуминенсе" клубын тізе бүктірді.
АҚШ-тың Ист-Ратерфорд қаласында өткен жартылай финалдық кездесуде "Челси" 2:0 есебімен жеңіске жетті. Команданың қос голын шабуылшы Жоау Педро соқты. Бірінші таймда 18-минутта есеп ашса, екінші таймда 56-минутта нәтижені еселеді.
Бұл дубль "Челси" үшін тарихи сәт болды. Команда алғаш рет жаңа форматтағы клубтық әлем чемпионатының финалына шықты.
Ағылшын гранды финалда ПСЖ немесе "Реалға" қарсы ойнайды. Бұл екі клуб өзара жартылай финалдық кездесуді өткізеді.
Көптеген сарапшының пікірінше, ПСЖ – турнирдің басты фавориті. Луис Энрике жаттықтыратын команда бір ай бұрын Чемпиондар лигасын жеңіп, финалда "Интерден" 5:0 есебімен басым түскен.