Еуропалық футбол қауымдастықтары одағы (UEFA) келер маусымнан бастап Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі регламентіне өзгеріс енгізетінін хабарлады. Бұл өзгеріс Еуропа лигасы, Конференциялар лигасы және әйелдер арасындағы Чемпиондар лигасына да қатысты.
AS басылымының мәліметінше, жаңа маусымнан бастап 1/8, 1/4 және жартылай финал кезеңдерінде өз алаңында немесе сырт алаңда ойнау басымдығы жеребе арқылы емес команданың жалпы кезеңдегі (лига форматындағы) рейтингіне байланысты анықталады.
Яғни, плей-офф кезеңінде жоғары орын алған клуб жауапты кездесуді өз алаңында өткізеді.
Мысалы, өткен маусымда “Реал Мадрид” пен “Арсенал” ширек финалда кездесіп, жауапты матч “Сантьяго Бернабеуде” өткен еді. Бірақ сол кезде “Реал” жалпы кезеңде 11-орын алса, “Арсенал” 3-орынмен алда болды. Жаңа ережеге сай, бұл матч Лондонда өтуі керек еді.
Тағы бір маңызды өзгеріс — егер төмен рейтингтегі команда келесі кезеңге өтсе, ол қарсыласының рейтингісін мұрагер етеді. Яғни:
"Мысалы, егер “Реал” “Арсеналды” жеңіп, жартылай финалға шыққанда, ол 3-орынды иеленген клуб ретінде есептелетін еді. Соның нәтижесінде шешуші кездесуді өз алаңында өткізу мүмкіндігі жоғары болар еді."
УЕФА бұл өзгерісті әділеттілік пен маусым бойғы тұрақтылықты мадақтау үшін жасап отыр. Яғни, топтық кезеңдегі әрбір ұпай енді плей-оффтағы артықшылыққа әсер етеді.