Сульшер «Бешікташ» жартылай қорғаушысы Бақтиер Зайнутдиновты негізгі құрамға қоспады. Тек қосалқы ойыншылар қатарына енгізді.
Австрияда маусым алдындағы оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан Түркияның әйгілі «Бешікташ» клубы қазақ жанкүйерлерін алаңдатқан шешім қабылдады. Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Бақтиер Зайнутдинов жолдастық матч алдында негізгі құрамнан тыс қалды.
Жаңа маусымға дайындық аясында ыстамбулдық клуб Словакияның «Петржалка» командасымен жолдастық кездесу өткізеді. Алайда «Бешікташтың» жаңа бас бапкері Уле Гуннар Сульшер қазақстандық футболшыға сенім артпай, оны тек қосалқы құрамға енгізді.
Ойынның алғашқы минутынан алаңға шығатын футболшылар тізімі:
Бақтиер Зайнутдинов «Бешікташ» сапындағы соңғы ресми ойынын 2025 жылдың 26 қаңтарында Түркия Суперлигасының «Антальяспорға» қарсы кездесуінде өткізген. Осыдан кейін жарақатына байланысты жасыл алаңға шықпаған болатын.
Оның негізгі құрамға енбеуі – футболшының толық қалпына келмегенін немесе Сульшердің ойын жоспарына сай келмейтінін көрсетіп отыр. Бұл жанкүйерлер арасында алаңдаушылық тудырды. Әзірге клуб немесе бапкерлік штаб тарапынан ресми түсініктеме берілген жоқ.