УЕФА Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы матчта "Астана" күтпеген нәтиже тіркеді. Елордалық ұжым молдавиялық "Зимбрумен" тең түсті.
Ойын “Астана Арена” стадионында өтті. Төрешілер құрамын Беларусь елінен келген Амин Кургхели басқарды. Жанкүйерлер мен букмекерлік кеңселер “Астананы” айқын фаворит санаса да, кездесудің сценарийі мүлде басқаша өрбіді.
Алғашқы минуттардан бастап қазақстандық команда ойын тізгінін өз қолына алып, бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Алайда соңғы соққылар дәл болмай, мүмкіндіктер жүзеге аспады. Ал таймның қосымша минуттарында молдавиялық Гай Дахан алыстан тамаша соққымен қақпаның “тоғыздығына” дәл түсіріп, есеп ашты.
Екінші тайм басталысымен-ақ “Астана” қысымды күшейтіп, шабуылға шықты. Иван Башич есепті теңестірді. Кездесудің қалған бөлігінде елордалықтар бірнеше рет гол соғуға жақын болғанымен шешуші сәтте дәлдік жетіспеді.
Қарымта кездесу 31 шілде күні Молдова астанасы Кишиневте өтеді.
“Астана” (Қазақстан) – “Зимбру” (Молдова) — 1:1 (0:1)
Голдар: 45+1' Гай Дахан (Зимбру), 54' Иван Башич (Астана)