Бұл шешімге бір тур аясында бір футболшының екі түрлі команда сапында ойнауы себеп болды.
Көрінгенге ертегі секілді, бірақ бұл – шындық. 9 мамыр күні Нұрбол Әнуарбеков "Жеңіс" сапында алаңға шықты. Бұл – 20-турдың кейінге шегерілген матчы болатын. Ал арада бірнеше күн өткен соң, сенбі күні сол футболшы "Жетісу" құрамында "Оқжетпесті" жеңген ойында алаңға шығып қана қоймай, гол да соқты. Ең қызығы, бұл матч та – 20-турдың кездесуі еді.
Қазақстан Премьер-лигасы регламентінің 6.56-тармағында "бір турдың аясында бір футболшының әртүрлі клуб сапында өнер көрсетуіне тыйым салынады" деп нақты жазылған.
Сонымен қатар, 6.118-тармаққа сәйкес, клубтар ойыншылар мен ресми тұлғаларға салынған ескертулер, алаңнан қуылулар және дисквалификациялар сияқты барлық тәртіптік жазаларды қадағалауға және сақтауға міндетті.
Осы тәртіп бұзушылықтың салдарынан талдықорғандықтардың "Оқжетпеске" қарсы жеңісі жоққа шығарылып, командаға техникалық жеңіліс жазылады. Ал көкшетаулық ұжым ешқандай күш салмай-ақ 3 ұпай иеленеді.
Бұл – жанкүйерлер үшін өкінішті жағдай. Дегенмен клуб ішінде осы қателікке жауап беретін адам анықталуы тиіс. Бұл спорт директоры ма, клуб директоры ма, әлде ойыншылар статистикасын бақылауға жауапты жаттықтырушы ма – ол бөлек мәселе.