Қайрат» – «Реал Мадрид» матчы Алматыда 30 қыркүйек күні өтеді.
30 қыркүйек күні Алматыдағы Орталық стадионда өтетін «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчының билеттеріне қатысты сұрақ жанкүйерлерді алаңдатып отыр. Қазіргі таңда билеттердің сатылымы мен бағасы туралы ресми ақпарат әлі жарияланған жоқ. Бұл туралы клубтың ресми хабарламасында айтылды.
«Қайрат» жанкүйерлерді сақ болуға шақырып, әлеуметтік желілерде тарап жатқан жалған ақпараттарға сенбеуді ескертті:
«Құрметті жанкүйерлер, билеттердің сатылымы мен бағасы жөнінде ешқандай ресми шешім қабылданған жоқ. Әлеуметтік желілерде тараған хабарламалар жалған. Тек клубтың ресми сайты мен әлеуметтік желідегі парақшаларына сеніңіздер», – делінген хабарламада.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, билеттер Ticketon платформасы арқылы сатылуы мүмкін. Қазіргі таңда сайт матчқа байланысты жиі қойылатын сұрақтарға арналған арнайы бот іске қосқан.
Қазақстандық журналист Владимир Жарков өзінің Telegram-арнасында матч билеттері 500 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін екенін жазды. Ол бұған дейін де «Қайратқа» қатысты бірнеше инсайдты алғаш жариялаған болатын.
Дегенмен, спорт сарапшылары бұл сома тым жоғары екенін және шынайы баға айтарлықтай төмен болатынын болжайды.
УЕФА талаптарына сәйкес, қонақ команда жанкүйерлеріне арналған билеттердің құны €50-ден (шамамен 31 500 теңге) аспауы тиіс. Ал қалған билеттердің бағасын клуб өз бетінше белгілейді.
Сондай-ақ алматылықтар сырт алаңда «Спортинг» (Португалия), «Интер» (Италия) және «Арсенал» (Англия) командаларымен ойнайды.