Төбелеске қатысқаны үшін түрмеге қамалуы мүмкін.
Ресей құрамасының бұрынғы шабуылшысы Фёдор Смолов төбелеске қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. 35 жастағы футболшыға нақты түрме жазасы да қаупі төніп тұр.
"RT на русском" хабарлауынша, қылмыстық іс зардап шеккен адамның медициналық қорытындысынан кейін қозғалған. Дәрігерлер жәбірленушінің төменгі жақ сүйегі сынғанын және көз ұясының қабырғасы зақымданғанын анықтаған.
Жанжал биыл 28 мамыр күні таңғы сағат 07:30-да Мәскеудің орталығында орналасқан «Кофемания» мейрамханасында болған. Оқиғаның бейнежазбасы 5 шілдеге қараған түні интернетке тарап кетті.
Куәгерлердің сөзінше, Смолов екі азаматпен сөзге келіп қалғаннан кейін әрқайсысына соққы жұмсауға тырысқан. Бұл – кезінде Кокорин мен Мамаев мемлекеттік қызметкерді орындықпен ұрып, бүкіл Ресейді шулатқан сол мекеме екені де назардан тыс қалған жоқ.
Фёдор Смолов өткен маусымда алғаш рет Ресей чемпионы атанды. Ол "Краснодарға" тарихи триумфке қол жеткізуге көмектескен. Дегенмен маусым аяқталған соң клубпен қош айтысып, қазір еркін агент мәртебесінде жүр.
Құқық қорғау органдары қылмыстық істі ресми түрде тіркеп, футболшыға қатысты тергеу амалдарын бастап кетті.