Мбаппе ойыннан кейін жанкүйерлерге үндеу жасады.
Әлем чемпионы, мадридтік «Реалдың» шабуылшысы Килиан Мбаппе Алматыда өткен Чемпиондар лигасының «Қайратқа» қарсы кездесуінде матчтың үздік ойыншысы атанды.
Француз форвард бұл ойында хет-трик жасап, «Реалдың» ірі жеңісіне зор үлес қосты. Оған арнайы статуэтка табысталды.
Ойыннан кейін Мбаппе жанкүйерлерге арнап сөз сөйледі:
«Бүгін үш гол соқтым, бірақ одан да көп гол соғуға болатын еді. Келесі жолы қателігімді түзеймін деп уәде беремін. Тағы бір жеңісті қоржынға салып, қосымша ұпаймен Мадридке ораламыз. Сенбі күні «Бернабеуде» жолығайық! Hala Madrid!», – деді Килиан Мбаппе.
Естеріңізге сала кетейік, Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінің екінші турында алматылық «Қайрат» мадридтік «Реалдан» 0:5 есебімен ойсырай жеңілді. Килиан Мбаппе хет-трик жасап, Браим Диас пен Эдуардо Камавинга бір-бір голдан соқты.
Алматылықтар топтық кезеңде енді Кипрдің «Пафос», Италияның «Интер», Данияның «Копенгаген», Грекияның «Олимпиакос», Бельгияның «Брюгге» және Англияның «Арсенал» клубтарымен кездеседі. Бұл – «Қайратты» үлкен сынақтар күтіп тұрғанын көрсетеді.