Ағылшын футболының атышулы тұлғаларының бірі — бұрынғы Премьер-лига төрешісі Дэвид Кутке ауыр айып тағылды. Егер кінәсі дәлелденсе, оны 10 жыл түрме жазасы күтіп тұр.
Ағылшын Премьер-лигасының бұрынғы төрешісі Дэвид Кут кәмелетке толмаған балаға қатысты әдепсіз видео түсірді деген күдікке ілінді. Осыған байланысты 43 жастағы маман Ноттингем қаласындағы Корольдік сотта алғаш рет жауап берді. Ол өзіне тағылған айыптарды мойындаудан бас тартқан.
Тергеу барысында Куттың электрондық құрылғыларынан 15 жастағы жасөспірімнің қатысуымен түсірілген әдепсіз бейнежазба табылған. Бұл видео Ағылшын футбол қауымдастығы (FA) жүргізген жеке тергеу кезінде анықталған.
FA бастапқыда төрешінің келісілген матчтарға қатысы мен есірткі қолдануы мүмкін деген күдікпен тексеріс бастаған болатын. Алайда іздеу кезінде әлдеқайда ауыр айғақтар табылған соң, іс полицияға берілді.
Сот шешімімен Кут әзірге кепілмен босатылды, бірақ ол 11 желтоқсанда қайта сотқа келуге міндеттелді.
Дэвид Кут — Англияның Премьер-лигасында қызмет атқарған белгілі төрешілердің бірі. Ол соңғы жылдары жоғары деңгейдегі матчтарды жиі басқарғанымен, бірнеше даулы шешімі үшін жанкүйерлер мен сарапшылар тарапынан сынға ұшыраған болатын.