Өзбекстанның Upl.uz спорт порталы Қазақстан U-21 құрамасының бас бапкері Денис Мамоновтың қызметінен кетуіне пікір білдірді.
Басылымның айтуынша, бұл шешім Қазақстан жастар құрамасының Өзбекстаннан екі рет жеңілуінен кейін қабылданған.
Материалдың тақырыбы да назар аудартарлық:
"Қазақстан жеңілістермен келісе алмады: Өзбекстаннан екі рет ұтылған соң бапкерсіз қалды."
Еске салайық, жуырда Ташкентте Қазақстан мен Өзбекстанның жастар құрамалары (U-21 және U-20) екі жолдастық кездесу өткізген болатын. Екі ойын да Өзбек футболшыларының пайдасына аяқталған. Бұл нәтижелерден кейін Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері Денис Мамонов өз еркімен жұмыстан кетті. Мамонов матчтардан соң футболшылардың өз мүмкіндіктерін пайдалана алмағанын және эмоциялық қысымға төтеп бере алмағанын атап өткен.
Өзбекстандық ақпарат көзі бұл жағдайды былай қорытындылады:
"Соңғы жылдары Қазақстан футболында оң өзгерістер азайып, ел спорты қиын кезеңнен өтіп жатыр."
Осылайша, Өзбекстан БАҚ-ы екі елдің жас құрамалары арасындағы кездесуді тек спорттық нәтиже тұрғысынан ғана емес, Қазақстан футболының қазіргі ахуалының көрінісі ретінде бағалаған.