Қазақстанның 17 жасқа дейінгі қыздар құрамасы 2026 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңін сенімді жеңіспен бастады. Талғардағы Ұлттық құрамалар базасында өткен ойында біздің қыздар Грузиядан 4:2 есебімен басым түсті.
Кездесудің алғашқы 45 минутында қазақстандық футболшы қыздар толық үстемдік танытты. Ботагөз Жұмажанова 12 және 14-минуттарда дубль жасап, командасына ерте басымдық әкелді. Кейін Ангелина Остёр басымдықты ұлғайтса, Әсел Жолболат тайм соңында төртінші голды соқты.
Қонақтар тек екінші таймда қарсы шабуылмен жауап бере алды. Грузия құрамасынан Анано Цикаридзе 48-минутта, ал Анастасия Бучукури қосымша уақытта бір гол соқты.
Қазақстан құрамасы В3 тобына түсті. Бұл топта Босния және Герцеговина мен Латвия құрамалары да өнер көрсетеді. Біздің қыздар келесі ойынды 27 қазан күні Босния және Герцеговинаға қарсы өткізеді.
Іріктеу ережесіне сәйкес, топ жеңімпаздары мен ең үздік екінші орын иегері жоғары дивизионға жолдама алады.