Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Абат Айымбетов біраз уақыт ақпарат көздерінен көрінбей кеткеннен кейін қайтадан жанкүйерлер назарына ілікті.
Белгілі футболшы өзінің инстаграм парақшасында жаттығу залындағы видеосын жариялап, қазіргі уақытта Ыстамбұлда дайындалып жүргенін мәлімдеді.
Айымбетов өткен маусымда «Адана Демирспор» клубының сапында өнер көрсеткен. Түркия чемпионатының маусымында 28 матч өткізіп, 5 голдың авторы атанған. Дегенмен маусым соңында команда жоғары лигада қалу мүмкіндігінен айырылып, төменгі дивизионға түсіп қалған.

Футболшы 1 шілдеде клубпен келісімшартын ресми түрде тоқтатып, содан бері еркін агент мәртебесінде жүр. Оның келесі маусымдағы мансабы туралы әзірге нақты ақпарат жоқ.
Айта кетейік, ұлттық құраманың басты ойыншыларының бірі саналатын Абат Айымбетов 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу ойындарына шақырту алған жоқ.