«Қайраттың» баспасөз қызметі команданың УЕФА Чемпиондар лигасындағы сырт алаңдағы матчының билеттері сатылымға шыққанын хабарлады. Ең қызығы Миландағы баға Алматыдағыдан әлдеқайда төмен.
Клуб мәліметінше, 5 қараша күні Миланда өтетін матчта алматылықтар әйгілі «Интерге» қарсы ойнайды. Қазір қонақтар секторына арналған билеттер сатыла бастады. Бірақ олар қайтарылмайтын сипатта.
Билетті рәсімдеу кезінде көрермен аты-жөні, туған күні, жынысы, электронды пошта мен байланыс нөмірін көрсетуі тиіс. Электронды билеттер 4 қарашаға дейін жіберіледі.
«Стадионға кірерде жеке құжаттар тексеріледі, сондықтан енгізілген мәліметтер толығымен сәйкес келуі қажет. Ал ойын басталар алдында қонақтар секторында жанкүйерлерге Қазақстанның туы таратылады», — делінген клуб хабарламасында.
Sports.kz мәліметінше, «Интердің» стадионында қонақтар секторындағы билет бағасы бар болғаны 7 000 теңге.
Салыстырар болсақ, Алматыда өткен Чемпиондар лигасы матчтарына билеттер 30 000-нан 250 000 теңгеге дейін сатылған. Осылайша Италиядағы баға бірнеше есе төмен болып шықты.
«Айта кетсек, Чемпиондар лигасының матчтарындағы билет бағасын қабылдаушы клуб пен УЕФА бірлесіп бекітеді. Биылғы маусымда «Қайраттың» өз алаңындағы билет бағасы турнирдегі ең қымбаттарының бірі болды», — деп жазады басылым.