«Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Оразбахтин Чемпиондар лигасындағы «Интерден» (1:2) болған жеңіліске пікір білдірді.
Рафаэль Оразбахтин журналистер сауалына жауап беріп, болған ойын жайлы өз ойын айтып кетті:
"Біз фантастикалық қарсыласпен ойнадық — былтырғы финалистпен. Олардың күшін білдік, сондықтан барымызды салып ойнадық. Жігіттерге ризамын. Ойын менің нұсқауларым бойынша өрбіді. Иә, қателіктер кетті, бірақ мұндай ойынды тарихқа жазуға болады. Осындай матчтардың арқасында біз болашаққа сеніммен қарай аламыз. Көрермендердің көп болғаны біз үшін керемет тосынсый болды, оларға алғыс айтамын."
— «Сан-Сироға» оралудың қандай әсері болды?
"Мен бұл стадионға бапкер ретінде қайта оралам деп ешқашан ойламадым. Бұл – ғажайыптардың бар екенін дәлелдейді."
— Енді «Копенгагенге» қарсы матчқа дайындық пен жаттығулар қалай өзгереді?
"Бізде үш апталық үзіліс болады, демаламыз. Жігіттерге бірнеше демалыс күнін бердік, олар физикалық қана емес, моральдық тұрғыдан да тынығуы керек. Алты күннен кейін қайта жиналып, қалпымызды табамыз. Бірақ Қазақстанда, чемпионат аяқталған соң жаттығу жасау қиын болады – жағдайлар ерекше. Дегенмен бұл үзіліс толық қалпына келу үшін маңызды."
Бас бапкер команданың бұл ойындардан маңызды тәжірибе алғанын да атап өтті:
"Біз үш мықты клубқа қарсы үш ойын өткіздік. «Пафоспен» матчта сандық артықшылығымызды пайдалана алмадық, бұл, бәлкім, еурокубоктарда тәжірибе аздығынан шығар. Үздік командаларға қарсы ойнағанда шамаңның шегіне дейін ойнайсың, сондықтан да өсесің. Біз дұрыс бағытта келе жатырмыз және жеңістерге сенімдіміз. Осындай турнирлерге тұрақты түрде қатысуымыз қажет, өйткені бұл біздің клубтың дамуына ықпал етеді", - деді Оразбахтин.
Естеріңізге салсақ, "Қайрат" әйгілі Джузеппе Меаццада"Интерге" қарсы ойын өткізіп, 1:2 есебімен жеңіліп қалған болатын.