Танымал комментатор әрі футбол сарапшысы Ермұхамед Мәулен «Қайраттың» соңғы ойынынан кейін қазақ футболындағы тіл мәселесін көтеріп, шетелдегі матчтарда қазақ тілі ескерілмейтінін ашық айтты.
Белгілі спорт комментаторлары Ермұхамед Мәулен мен Олжас Байбосын «Интер» – «Қайрат» матчынан кейін футболдағы қазақ тілі мәселесін көтерді. Кемшіліктерді басып айтып, өз ойларын ашық айтты. Оның айтуынша, италиялық стадионда диктордың орыс тілінде сөйлеуі көңілге қаяу түсірген.
«УЕФА-ның бөлімшелері бар. Клубтық жарыстар департаменті, ұлттық құрамалар жарыстары департаменті Қазақстанның тілі орыс тілі деп ойлайды.», — деді Ермұхамед Мәулен.
Комментатордың айтуынша, мәселе техникалық тұрғыдан оңай шешіледі — тек команданың қазақ тілінде хабарлауын ресми түрде сұрау қажет.
«Жаңа мемлекетке барған кезде матч менеджерлер, клубтың менеджерлері “біздің команданың тілі қазақ тілі, жанкүйерлердің тілі. Сондықтан қазақ тіліндегі дикторды қоюларыңызды сұраймыз” деген өтініш айту керек. Болды. Түк қиын емес», — деді ол.
Ермұхамед Мәулен айтуынша, мұндай жағдай бұрын да болған. Мәселен, 2020 жылы Украинада өткен ойында да диктор орыс тілінде сөйлеген. Бірақ Қазақстан тарапы өтініш білдірген соң, хабарламалар қазақ тілінде жүргізілген. Тіпті диктор табылмаған жағдайдың өзінде өзі көмектесуге дайын екенін де жеткізді.
«Финляндияда, Францияда, Молдовада мен өзім диктор болдым. Және ковидтің кезінде Әзірбайжанда диктор таба алмай қалып, мен өзім сол матчта диктор болғанмын.», — деп түйіндеді комментатор.
Ермұхамед Мәуленнің пікірі бойынша, бұл мәселе тек тілге ғана емес, елдің имиджіне де әсер етеді. Қазақстанның футболы халықаралық деңгейде дамып келе жатқанда, қазақ тілі де сол деңгейде танылуы керек.