2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеуіндегі Қазақстан — Бельгия матчы жақындап келе жатқан тұста «қызыл сойқандардың» бас бапкері Руди Гарсия матч алдындағы баспасөз мәслихатында өз ойын айтты.
Бельгия жаттықтырушысы командадағы жағдайға қатысты ашық пікір білдірді:
«Қақпашыны таңдау қиын болған жоқ. Бірақ ертең кім алаңға шығатынын айта алмаймын. Тилеманс капитан болады. Негізгі құрам толық қалыптасып болған жоқ. Жанкүйерлер айтқандай, ерте қуану дұрыс емес. Ертең жасанды газонда ойнайтынымызды ұмытпауымыз керек. Біз үшін іріктеуді сенбі күні-ақ аяқтау маңызды, сейсенбіге қалдырғымыз келмейді. Барлық мықты футболшылар алаңға шығып, өз максимумын береді деп сенемін».
Гарсия жасанды алаңға қатысты да пікір білдірді:
«Жасанды газон біз үшін үлкен қауіп емес. Матч алдында жасанды алаң, ұзақ ұшу, уақыт айырмашылығы туралы айту — тек сылтау. Ертең біз тек жеңіс үшін ойнаймыз».
Руди Гарсия қарсылас командаға да тоқталды:
«Қазақстан құрамасында бапкер ауысқанымен бұрын ойнаған футболшылар сол күйі қалды. Тек ойын жүйесі өзгерген. Негізгі қауіп — олардың шабуылшысында. Бұрын олар үш қорғаушымен ойнайтын, қазір 4–3–3 схемасына көшкен».
15 қарашада өтетін Қазақстан — Бельгия матчы ЧМ-2026 іріктеуінің маңызды кездесулерінің бірі болмақ.
Қазір «Қызыл сойқандар» 6 кездесуден кейін 14 ұпай жинап, J тобында көш бастап тұр.