Естеріңізге салсақ, маусымның басында Шымкент әкімі Асхат Тағыбергеннің жалақысын елге жария еткен еді.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Қазақстан құрамасының бұрынғы капитаны, «Тобыл» клубының жартылай қорғаушысы Асхат Тағыбергенге қатысты даудың мән-жайын алғаш рет ашып айтты.
— Жыл басында сіз 20 миллион теңге жалақы үшін, бір жағынан айтқанда, клубтан Қазақстан құрамасының мақтанышы әрі капитаны Асхат Тағыбергенді кетірдіңіз. 2024 жылы Қазақстан чемпионы болған «Ордабасы» биыл тек жетінші орын алды. Ал «Тобылға» ауысқан Тағыберген бізге екі гол соғып, сізге «сәлем жолдады». Оны әділетсіз түрде клубтан шығарғанда қателік жіберген жоқсыз ба?
"Сіз айтып отырған «әділетсіз», «сәлем жолдады» деген сөздер — бұл сіздің жеке пікіріңіз, жеке ойыңыз. Әрине, мен оны құрметтеймін. Мен былай айтайын: біріншіден, «Ордабасы» жанкүйерлерімен кездескен кезде мен бәріне ашық әрі шынайы жауап бердім. Сол кезде, қателеспесем, спорт журналисі Арай Есенбек видео түсіріп алған, бірақ ол бейнежазба контекстен жұлынып алынған. Егер толық видеоны көрсеңіздер, бәрі түсінікті болады. Мен футбол үшін ешкімді төмендетпеймін, ондай істермен айналыспаймын. Асхат екеуіміздің арамызда ешқандай мәселе жоқ. Мен жағдайды жалпы сипатта айттым: ол кезде тек Асхатпен ғана емес, басқа да футболшылармен ұқсас жағдай болды", – деді әкім.
Қала басшысының айтуынша, сол кезде клубтың үлкен қарыздары болған екен:
"Біз жалақыларды қысқарту бойынша жұмыс жүргіздік. Футболшылардың басым бөлігі келісімін берді, ал екі-үш адам келіспей, наразылық білдірді. Клубтың бюджетке үлкен салмақ түсіріп, қомақты қарызы болғанын білесіздер, біз сол қарыздардың бәрін жаптық. Сіздер кез келген пікір айтуға құқылысыздар, бірақ мен бәрін шынайы әрі ашық жеткіздім. Толық видеоны көрсеңіздер, бәрін түсінесіздер. Мен ешкімді кемсітіп, қаралауға баратын адам емеспін", – деп қосты Ғабит Сыздықбеков.
Айта кетейік, «Ордабасы» құрамында 2023 жылғы ҚПЛ чемпионы атанған Асхат Тағыберген жалақысына қатысты дау-дамайдан кейін клубтан кетуге мәжбүр болды. Ғабит Сыздықбеков оның жалақысына (20 млн теңге) қатысты ашық түрде наразылық білдіріп, футболшының табысын жариялаған еді. Бұл қоғамда үлкен резонанс тудырды.