Қазақстан футболындағы трансферлік кезең күтпеген жаңалықтармен басталуы мүмкін. Белгілі менеджер Дидар Сыдықбек Бірінші лига клубының аясында ел футболында үлкен резонанс тудыратын жоба әзірлеп жатыр.
Amanvibe.kz дерегінше, «Тараз» ФК Қазақстан құрамасының бұрынғы ойыншыларына ресми оффер жолдаған. Бірінші лигада өнер көрсететін жамбылдық ұжымға шақырту алғандар қатарында Бауыржан Исламхан мен Аслан Дарабаев бар.
Екі футболшы да — отандық футболдағы тәжірибелі әрі танымал тұлғалар.
Бауыржан Исламхан өткен маусымда ресми матчтарға қатысқан жоқ. Ал Аслан Дарабаев маусымды «Оқжетпес» сапында бастап, кейін «Тұранға» ауысты. Бірақ түркістандық клуб чемпионат қорытындысы бойынша ҚПЛ-дан шығып қалды.
Исламхан мен Дарабаев жаңа клуб директоры Дидар Сыдықбек ұсынған шарттарды мұқият зерделеу үшін уақыт алған. Қаржылық және спорттық талаптар толық талданғаннан кейін ғана түпкілікті шешім қабылданбақ.
Дидар Сыдықбек алдағы уақытта тағы бір танымал есімді командаға тартуды көздеп отыр. Бұл — Қазақстан футболының басты жұлдыздарының бірі Бақтиер Зайнутдинов.
«Болашақта Бақтиер Зайнутдинов пен Бауыржан Исламханды “Тараз” құрамында көреміз деп үміттенемін. Алайда дәл қазір бұл мақсатқа жету өте қиын», — деді клуб директоры.
Айта кетейік, алдағы трансферлік терезеде павлодарлық «Ертіс» клубы да белсенділік танытпақ. Команда биыл Бірінші лигада сәтті өнер көрсетіп, келесі маусымда Қазақстан Премьер-лигасында ойнау құқығына ие болды.