Қазақстанда «Қайраттың» Чемпиондар лигасындағы үй матчтарына қойылған билет құны қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Осы мәселеге байланысты «Тараз» ФК директоры Дидар Сыдықбек жанкүйерлер реакциясы мен баға саясаты туралы ойын білдірді,
Сыдықбектің айтуынша, атауы дүркіреп тұрған қарсыластарға қызығушылықтың артуы — қалыпты құбылыс. Алайда футболдағы экономикалық шындық жанкүйер күткеннен күрделірек болуы мүмкін. Ол бұл пікірін A2 подкастында жеткізген.
«Мен келісемін: “Реалмен” матчқа адамдар билетті миллионға да алуға дайын болды, сонда да стадион лық толар еді. Мүмкін клубқа даму үшін шынымен осы қаражат керек шығар. Бұл әрдайым таңдау: не алға қадам жасайсың, не жағдайды ушықтырасың. Жанкүйерді түсінемін, олардың ашуын да, наразылығын да. Бірақ фанаттар дәл осындай командаларды, әсіресе олар жаңа жолға енді түскенде, қолдағанын қалаймын», — деді Дидар Сыдықбек.
Клуб басшысы идеал жағдайда футбол стадионға тек «даңқты қарсылас» үшін емес, тұрақты қызығушылықтың арқасында жанкүйер тартуы тиіс екенін атап өтті.
«Билет мың болсын, екі мың, бес мың болсын — ең бастысы, адам стадионға келсін. Бізде әдетте таныс арқылы билет іздейді, бір-біріне хабарласады. Бірақ қарсыластың келуі, логистика, ұйымдастыру қанша тұратынын көп адам ойлай бермейді. Клубтар жиі билет сатылымынан түскен табысқа сүйенеді — тым болмаса үлкен минусқа кіріп кетпеу үшін. Сондықтан “Қайратты” айыптамаймын: егер осындай баға қойса, демек, себеп болған», — деп қосты ол.
Еске салайық, жарияланған мәлімет бойынша «Қайрат» — «Реал» матчына билеттер 30 мыңнан 250 мың теңгеге дейін сатылған. Ұқсас баға саясаты «Пафоспен» ойынға да қолданылған. Астанада бағалар төмендетіліп, 15 мыңнан 50 мың теңгеге дейін болған. Соған қарамастан «Олимпиакоспен» кездесуге шамамен 19 мың көрермен жиналған.