Парламент Мәжілісінің депутаты Нартай Аралбайұлы кәсіби футбол клубтарына мемлекеттік және квазимемлекеттік қаржы бөлуді кезең-кезеңімен доғаруды ұсынды. Оның айтуынша, әлеуметтік саладағы түйткілдер тұрғанда бюджет қаражатын спортқа шексіз бағыттау дұрыс емес.
Мәжілісменнің сөзінше, клубтар бюджетке арқа сүйей бермей, демеуші мен инвесторды өздері іздеуі керек. Ол әлеуметтік бағыттағы мамандардың жалақысы төмен екенін, кейбір орталықтарда кадр тапшылығы ушыққанын мысалға келтіріп, қаржыны алдымен сол салаларға жұмсауды алға тартты. Бұл туралы 24kz_sport жазады.
Депутаттың мәліметіне сүйенсек «Астана» ФК квазимемлекеттік сектор арқылы, атап айтқанда «Самұрық-Қазынадан» 5,3 млрд теңге көлемінде қолдау алған. Ол бұл клубтың өзге командалармен салыстырғанда қаржылық жағдайы жақсы екенін атап өтті.
2025 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік спортшыларды (легионерлерді) мемлекеттік бюджет және квазимемлекеттік сектор есебінен қаржыландыруға тыйым салатын заңға қол қойды. Ақпарат 2025 жылдың 15 сәуірінде жарияланған.
Бұған дейін бірқатар ақпарат көздерінде келесі маусымнан бастап «Самұрық-Қазына» «Астананы» толық қаржыландыруды тоқтатуы ықтимал деген мәлімет тараған. Ресми түсініктеме әркез бірдей айтылмағанымен тақырып қоғамда қызу талқыланып отыр.