Реклама
Реклама
10 000 тг

Лицензия №23019645 от 06.09.2023

300 000 тг

Лицензия №24358082 от 25.07.2024

Реклама
Реклама

Канчельскис: "Өзбекстан футболы Қазақстаннан әлдеқайда алға кетті"

Сарапшы, спорт журналисі
25.12.2025, 10:07

Ағылшындық «Манчестер Юнайтед» клубының және Ресей ұлттық құрамасының бұрынғы футболшысы, қазіргі таңда Брянскілік «Динамо» клубының бас бапкері әрі функционер Андрей Канчельскис Қазақстан мен Өзбекстан футболының даму деңгейін салыстырды.

Коллаж
Реклама
Реклама

Бұл туралы ASnews.kz сайты хабарлады.

Маманның айтуынша, соңғы жылдары өзбек футболы айтарлықтай алға жылжып, посткеңестік кеңістікте көшбасшылардың біріне айналған.

"Қазақстанмен салыстырғанда Өзбекстан футболы даму тұрғысынан өте үлкен қадам жасады. Дәл Өзбекстан алғаш болып әлем чемпионатына жолдама алды, ал Хусанов бүгінде Англия Премьер-Лигасында өнер көрсетіп жүр. Қазақстанда да жақсы футболшылар бар, алайда жүйелі дамуға кедергі келтіріп отырған мәселелер тым көп", — деді Канчельскис.

Ол Өзбекстандағы футбол инфрақұрылымына ерекше тоқталды.

"Өзбекстандағы инфрақұрылым — посткеңестік кеңістіктегі ең үздігі. Ол жаққа футболды жақсы түсінетін мамандар келіп, нақты жұмыс істей бастады. Инфрақұрылым дамып, балалар мен жасөспірімдер футболына үлкен көңіл бөлінуде. Өзбекстанда жұмыс істеу мен үшін үлкен тәжірибе болды. Онда барлығы футболды дамытуға шын мәнінде мүдделі", — деп атап өтті ол.

Қазақстандағы жағдайға қатысты да сын пікірін жасырмады.

"Біз қандай да бір бастамалар ұсынып жатсақ, кей адамдар инфрақұрылымды өзімізбен бірге алып кетеміз деп ойлайды. «Мұның не қажеті бар?» деген сұрақ жиі қойылады. Ал алаңдардың сапасына келсек, Қазақстанда ойнау өте қиын. Синтетикалық алаңдар футболды өлтіреді. Мысалы, Қостанайда екі алаң бар: бірі — табиғи, екіншісі — манеждегі жасанды", — деді маман.

Сондай-ақ ол стадион құрылысына қатысты күмәнін білдірді.

"Елде жаңа стадиондар салынатынын білемін. Біреуі пайдалануға берілді. Ал ары қарай не болады? Қағаз жүзінде кез келген жобаны салуға болады. Бірақ нақты іске келгенде қиындықтар көп", — деді Канчельскис.

Дегенмен, ол Қазақстан футболындағы оң өзгерістерді де атап өтті.

"Қазақстанда ұлттық құраманың және «Қайрат» клубының жетістіктерінің арқасында футболға деген қызығушылықтың артқанын жоққа шығаруға болмайды", — деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, Андрей Канчельскис Өзбекстанда «Навбахор» клубының бас бапкері қызметін атқарған. Ал Қазақстанда Қостанайдың «Тобыл» клубында жетекшілік қызметте жұмыс істеген.

Реклама
Реклама

Серіктес жаңалықтары