Қазақстан Премьер-лигасының 2025 жылғы маусымы жанкүйерлерге қақпашылардың жарқын ойынын сыйлап, «бірінші нөмірлі» футболшылардың шеберлігін жаңа қырынан танытты.
Exxtratime_kz аналитиктері қақпашылардың ойын сапасын жан-жақты талдап, сейвтер саны мен қақпадағы сенімділіктен бастап, қазіргі заманғы билд-ап жүйесіндегі аяқпен ойнау тиімділігіне дейінгі көрсеткіштерді ескере отырып, үздіктер тізімін жасады.
Үздік үштікті елордалық «Жеңіс» клубының қақпашысы Сергей Игнатович түйіндеді. Оның маусымы тұрақтылық пен шабуылды бастауға қосқан үлесімен ерекшеленді. Игнатович тек қақпаны қорғап қана қоймай, команданың ойын құру процесіне тікелей қатысқан қақпашы ретінде танылды.
Игнатович лигадағы билд-ап жүйесінде ең дәл пас беретін және қақпаны «құлыптауда» ең сенімді қақпашы екенін дәлелдеді.
Рейтингтің екінші сатысына қазақстандық футболдың тәжірибелі өкілі Дмитрий Непогодов жайғасты. «Ұлытау» сапында ойнаған қақпашы маусым бойы үздіксіз қысымда болды, алайда дәл осы жағдай оның керемет сейв жасау қабілетін ашып көрсетті.
Сарапшылардың пікірінше, Непогодовтың қаһармандық ойыны болмаса, «Ұлытау» маусымда 10–15 ұпайдан қағылуы мүмкін еді. Дмитрий клуб қорғанысының басты тірегіне айналды.
Жалпы бағалау нәтижесінде бірінші орынды Қызылорданың «Қайсар» клубының қақпашысы Нұрымжан Салайдин иеленді. Ол маусымда алаңда ең көп уақыт өткізіп, командалық ойынға ең үлкен әсер еткен қақпашы болды.
Нұрымжан Салайдин маусым бойы ойын көлемін жоғары деңгейде ұстап, ротациясыз ауыр жүктемеге төтеп берді. Ол 2025 жылы өз позициясындағы ең ықпалды қақпашы екенін толық дәлелдеді.
Естеріңізге салсақ, KFF AWARDS рәсімінде үздік қақпашы болып Темірлан Анарбеков аталған еді.