Қазақстан құрамасының көшбасшысы әрі Мәскеудің "Динамо" ФК жартылай қорғаушысы Бақтиер Зайнутдинов демалысын қалай өткізгенін айтып, жарақаттан кейінгі физикалық дайындығына қатысты нақты жоспарын жария етті.
Зайнутдиновтың айтуынша, ол демалыста жақсы тыныққан. Таиландта демалған. Кейін Қазақстанға келіп, Таразда екі апта болған.
Футболшы клубқа жауынгерлік көңіл-күймен оралғанын айтып, оқу-жаттығу жиындарының басталуын асыға күтіп отырғанын жеткізді.
Бақтиер маусым қайта жалғасқанда команда үшін негізгі міндеттің бірі айқын екенін атап өтті.
"Қазір біздің басты мақсатымыз – Ресей Кубогы. Оны ұту үшін бар күшімізді саламыз", – деді ойыншы.
Футболшы медициналық штабпен ақылдаса келе, жаттығу үдерісіне бірден толық қосылмай, біртіндеп оралатынын айтты.
Оқу-жаттығу жиындарының алғашқы кезеңінде жүктеме сақтықпен артады. Екінші жиыннан бастап Бақтиер жалпы топпен жаттыға бастайды.
Бұл жоспар оның алаңға оралу мерзімін де нақтылай түседі.
Жиын барысында "Динамо" BetBoom Dynamo Global Challenge турнирінде қытайлық командалармен ойнайды. Зайнутдинов мұндай мачтардың пайдасын ерекше атап өтті.
"Қытай чемпионатының деңгейі жоғары. Қазір бізге алықаралық матчтар жетіспейді. Турнирдің команда дайындығына нақты көмегі болады".