"Қайрат" ФК бразилиялық орталық қорғаушы Лукас Африконың трансферін ресми түрде жариялады.
Клубтың ресми мәліметіне сәйкес, Лукас Африко "Қайратпен" 2026 жылдың соңына дейін келісімшартқа қол қойған.
Ойыншы туралы қысқаша мәлімет
Лукастың толық аты-жөні — Лукас Энрике да Силва. Ол Сан-Паулуда дүниеге келген. Кәсіби футболдағы жолын 2015 жылы Гуарульюстағы "Фламенго" клубында бастаған.
Кейін Бразилиядағы танымал командалар — "Сантос" пен "Лондрина" сапында да ойнады.
Қорғаушы 2018 жылы Еуропаға ауысып, Португалия чемпионатында бірнеше маусым өнер көрсетті. Ол "Маритиму" және "Эшторил" клубтарында доп тепті.
Ал 2023 жылы Әзербайжанның "Габала" командасында ойнап, кейін қайтадан Португалияға оралып, "Фаренсе" клубымен келісім жасасқан.
Португалияның жоғары дивизионында жалпы есепте 75 матч өткізіп, 3 гол соққан.
Бразилиялық қорғаушының соңғы командасы — Түркияның Бірінші лигасындағы "Ван Спор". Онда ол 11 матчқа қатысқан.
Айта кетейік, өткен маусым қорытындысында "Қайрат" Қазақстан чемпионы атанды. Сондай-ақ алматылық клуб өз тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шыққан еді.