Африка кубогының жартылай финалында (Нигерия – Марокко) стадион стюардтары қонақ команданың қақпашысына кедергі келтіргендей жағдай тіркелді.
Турнир қожайыны — Марокко құрамасы мен Нигерия арасындағы кездесу негізгі әрі қосымша уақытта 0:0 есебімен аяқталды. Жеңімпаз пенальти сериясында анықталды: Марокко 4:2 есебімен басым түсті.
Пенальти алдында Нигерия қақпашысы Нвабили қосалқы орындық жаққа жүгіріп, сүлгі алып қайтқан. Көпшіліктің пікірінше, сол сүлгіде марокколық ойыншылардың пенальтиді қалай тебетіні жөнінде “шпаргалка” болуы ықтимал.
Алайда серия басталар сәтте сүлгі алаңнан жоқ болып кеткен.
Келесі күні желіде тараған видеода марокколық блогер сүлгінің “тағдырын” көрсетеді. Кадрдан стюардтың қақпа маңына тасталған сүлгіні екі рет алып кеткені байқалады. Бұл әрекет көпшіліктің ашуын тудырып, пікірталасқа ұласты.
Желі қолданушылары стадион қызметкерінің әрекетін әділетсіздік және кәсібилікке жат қадам ретінде бағалаған. Пікірлердің мәні шамамен мынаған саяды: мұндай жағдайға халықаралық ұйымдар назар аударуы керек, ал қонаққа құрмет көрсету — ұйымдастырушы елдің міндеті.
Қазіргі футболда пенальти сериясы алдында қақпашылар қарсыластың соққы бағыттарын жазып қоюы жиі ұшырасады. Әдетте мұндай жазбалар сүлгіге немесе су бөтелкесіне түсіріледі.
Бірақ қарсылас тарап бұл әдісті білсе, қарсы амал да қолданады. Мысалы ӘЧ-2022 жолдамасы үшін өткен плей-оффта Австралия қақпашысы Эндрю Редмэйн перулік қақпашының “кеңесі бар” бөтелкесін алаңнан лақтырып жібергені айтылған — сол серияда Австралияның жолы болған.
Марокко енді Африка кубогының финалында Сенегалмен кездеседі. Сенегал құрамасы Садио Маненің бастауымен Мысырды турнирден шығарған.