Чемпиондар лигасы аясындағы матч 20 қаңтар күні Астанада өтеді. Алматылық ұжымның еншісінде әзірге бір ғана ұпай бар.
Бельгиялық «Брюгге» футбол клубының ойыншылары Астанаға ұшып келді. Олар Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі жетінші тур аясында алматылық «Қайратқа» қарсы матч өткізеді.
Осыған орай, Бельгия клубының ресми Instagram парақшасында қазақша жазба жарияланды.
«Сәлем, Астана!» — деп жазылған парақшада.
Сонымен қатар клуб өкілдері футболшылардың жеті сағатқа созылған әуе сапары кезінде немен айналысқанын да бөлісті.
«Бұлшықетті қалпына келтірдік, жақсылап ұйықтадық, Netflix көрдік, ойын ойнадық, кроссворд шештік, терезеден көріністі тамашаладық және дәмді ас іштік», — делінген хабарламада.
Айта кетейік, «Қайрат» — «Брюгге» матчы 20 қаңтар күні Астанада өтеді. Бұл ойын алдында «Қайраттың» еншісінде бір ұпай, ал «Брюгге» командасында төрт ұпай бар.