Реклама
Реклама

Ермұхамед Мәулен: "Ордабасы" енді ешкімге жалынбайды

Сарапшы, спорт журналисі
23.01.2026, 16:57

"Ордабасы" футбол клубының жаңа оқу-жаттығу базасы ресми түрде ашылды. Салтанатты рәсімге қала әкімі, қоғамдық кеңес мүшелері мен кәсіпкерлер қатысып, нысанның лентасын қиды.

"Ордабасы" ФК

Клубтың мәліметінше, заманауи әрі көпфункционалды кешен футболшылардың дайындығын тұрақты негізде жүргізуге мүмкіндік береді. Базада халықаралық стандарттарға сай жасанды алаңдар, жаттығу залдары, медициналық бөлім, тактикалық талдау бөлмелері және жатын орындар қарастырылған. Нысан ойыншылардың физикалық және техникалық деңгейін көтеруге бағытталған.

Команда қақпашысы Бекхан Шайзада жаңа базаның іске қосылуы ұжым үшін маңызды екенін атап өтті.

"Қуаныштымыз. Түркиядағы оқу-жаттығу жиынынан кейін су жаңа базада дайындықты жүйелі түрде жалғастырамыз", — деді ол.

Ал клуб президентінің кеңесшісі Ермұхамед Мәулен "Ордабасының" алдағы жоспары туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, команда 22 қаңтардан бастап Түркияның Анталия қаласында 2,5 апталық оқу-жаттығу жиынын өткізеді және осы кезеңде құрамды жаңа ойыншылармен толықтыру жұмыстары жалғасады.

"Қазақстаннан және Еуропа клубтарында ойнап жүрген бірқатар футболшыны қарастырып жатырмыз. Соңғы шешімді бас бапкер Андрей Мартин қабылдайды", — деді Мәулен.

Айта кетейік, базаның жалпы аумағы 8 гектарды құрайды. Аумақты абаттандыру, жолдарды асфальттау, сондай-ақ Бадам су қоймасы жағалауын нығайту және инженерлік желілерді тарту жұмыстары жүргізілген.

Реклама
Реклама