Реклама
Реклама

Жекеге өткен клубтар бюджеттен қаржыландырыла ма? Министр жауап берді

Сарапшы, спорт журналисі
27.01.2026, 14:11

Ел басшысы үкімімен былтырдан бері еліміздің бірқатар клубтары жекешелендіру рәсімінен өткен болатын. Бірақ спорт және туризм министрінің ақпары бойынша бұл клубтар да үкіметтен қаржы алмақ.

Ербол Мырзабосынов. Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанның туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов футбол клубтарындағы қаржының жұмсалуын бақылау мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.

Үкіметтегі брифинг барысында министрден өткен жылдың күзінде жекешелендірілген Қызылорда облысының *Қайсар" футбол клубына аймақтық бюджеттен жабдықталу, оқу-жаттығу жиындары мен төлемдерге шамамен 1 миллиард теңге қайта бөлінуі мүмкін екені туралы ақпаратқа түсініктеме беру сұралды.

Бұл сауалға жауап берген Ербол Мырзабосынов өңірлік футбол клубтарын мемлекет тарапынан қаржыландыру жалғасатынын, алайда бөлінетін қаражаттың нақты бағыттарға жұмсалатынын атап өтті.

"Мемлекет тарапынан қаржыландырылатын өңірлік футбол клубтары ең алдымен балалар мен бұқаралық спортқа бағытталады. Бұл қаражат секциялар жұмысына, жастар құрамаларына және өз спортшыларымызды дамытуға жұмсалады. Легионерлерге бюджеттен қаржы бөлінбейді. Балалар футболын дамыту аясында өңірлік клубтар бюджет қаражатын алады", — деді министр.

Сондай-ақ Ербол Мырзабосынов балалар спортына бөлінген қаржының қалай бақыланатыны жөніндегі сұраққа да жауап берді.

"Бұл клубтың ішкі ережелерінде нақты көрсетілген. Қаражаттың жұмсалуы тиісті басқарма басшылары арқылы қадағаланады. Бұл қаржы басқа мақсаттарға бағытталмайды", — деп түйіндеді ол.

Естеріңізге салсақ, былтырғы жылдың соңынан бастап Қазақстанның бірқатар клубтары жеке қолына өткен болатын, олар: "Ақтөбе", "Қайсар", "Шахтёр", "Қызылжар" және "Атырау" мен "Оқжетпес" те осы мақсатта жұмыс жасалып жатқаны айтылған еді.

Реклама
Реклама