“Қайрат” ФК бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев Чемпиондар лигасындағы еуромаусымның аяқталғанын мәлімдеп, команда алдағы уақытта қандай бағытта дамитынын жариялады. Ол бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Боранбаевтың айтуынша, Чемпиондар лигасының науқаны клуб үшін маңызды тәжірибе болды. Оның сөзінше, “Қайрат” Қазақстанда негізгі кезеңге шығып, турнирдің 36 қатысушысының қатарына енген алғашқы жекеменшік клуб ретінде тарихта қалды.
Ол мұны клубтың қазіргі мүмкіндігін ескерсек, “елеулі нәтиже” деп бағалап, Еуропадағы бәсекенің нақты деңгейін сезінуге мүмкіндік бергенін атап өтті.
Төраға Чемпиондар лигасындағы ойындар кезінде “Қайратқа” деген қызығушылық ерекше артқанын жеткізді. Оның пайымынша, бұл жағдай отандық футболға маңызды сигнал береді: жүйелі жұмыс болса, футбол тиімді әрі тұрақты жобаға айнала алады.
Боранбаев ерекше тоқталған тұс — клуб академиясынан шыққан футболшылардың рөлі. Оның айтуынша, жастар тек қосалқы құрамда қалып қойған жоқ, керісінше, жауапкершілік алып, маңызды матчтарда алаңға шығып, халықаралық медиа назарын аудартты.
Боранбаев “Қайраттың” “Реал Мадридке” қарсы матчын бөлек атап, қазақстандық клуб бұрын-соңды мұндай деңгейде халықаралық назарға ілікпегенін айтты. Оның ойынша, бұл – Қазақстанның жаһандық аудиторияға қызық бола алатынын көрсеткен айқын мысал.
Төрағаның мәлімдеуінше, “Қайрат” бұдан кейін де өз тәрбиеленушілеріне сүйену бағытын жалғастырады. Жас ойыншыларға жоғары деңгейде өсіп-жетілуі үшін мүмкіндік берілмек. Ол мұндай маусымдар клубтың да, футболшылардың да, жалпы Қазақстан футболының да дамуына “өсу нүктесі” болатынын жазды.
Еске салайық, “Қайрат” өз тарихында тұңғыш рет Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шығып, 8 матч өткізді. Команда әлемдік грандтармен де кездесіп, атап айтқанда:
Ал жалғыз ұпай “Пафоспен” өткен тең ойында тіркелді — 0:0. Нәтижесінде алматылық клуб турнирді 36-орынмен аяқтады.