Бұл футболшы АПЛ-дің екі дүркін чемпионы, Чемпиондар лигасының жеңімпазы.
Испаниялық "Валенсия" танымал француз қорғаушысы Курт Зуманы еркін агент ретінде өз қатарына қосуды жоспарлап отыр.
Fichajes.net мәліметінше, "жарқанаттар" Зумамен келісімшартты румындық "ЧФР Клужбен" бұзғаннан кейін трансферсіз келісімге келу мүмкіндігін қарастыруда. Трансферге қаржы жұмсаудың қажеті жоқтығы бұл мәмілені "Валенсия" үшін қаржылық тұрғыда тиімді етеді. Қазір клуб сақтыққа негізделген экономикалық саясатты ұстанып отыр.
Бұған дейін Франция құрамасының бұрынғы ойыншысымен қызылордалық "Қайсар" клубы да келіссөз жүргізіп жатқаны хабарланған.
Айта кетейік, Курт Зума — АПЛ-дің екі дүркін чемпионы, сондай-ақ Лондонның "Челси" сапында Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасын жеңіп алған.
Еске сала кетсек, "Қайсар" жуырда "Челсидің" тағы бір экс-ойыншысы — Виктор Мозестің трансферін ресми түрде жариялаған еді.